82 000 ТЕКШЕ МЕТР ҚАР ШЫҒАРЫЛДЫ
18.02.2020 Жалпы

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі су басу қаупі жоғары 130 көшеге баса назар аударып отыр. Атап айтқанда, Құрмыш, ГМЗ, Шанхай және Сазды шағын аудандарының көшелерінде жұмыс қызу жүріп жатыр.

Себебі «Қазгидромет» мәліметтеріне сәйкес, көктем ерте басталады. Қыстың өзі қалыпты жағдайдан тыс 7-8 градусқа жылы болды. Дәл солай наурыз айының температурасы жоғары болады деп күтілуде.

Ақтөбеде 1 желтоқсаннан бастап мердігер компаниялар 82 000 текше метр қар шығарды. Бұл жұмыстарға 11 бригада және 70-тен астам техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар, көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға 100-ден аса ассенизатор көліктері, 10 автоцистерна және 2 қозғалмалы насостық станция, 20-дан астам ауыр техника дайын тұр.