АҚТӨБЕЛІКТЕР ЖАҢА АЯЛДАМАЛАРДЫ ӨЗДЕРІ ТАҢДАЙДЫ

АҚТӨБЕЛІКТЕР ЖАҢА АЯЛДАМАЛАРДЫ ӨЗДЕРІ ТАҢДАЙДЫ
25.10.2019 Көлік

Ақтөбе қаласының әкімдігі жаңа аялдамаларға қатысты онлайн дауыс беру өткізеді. Бүгін, қазанның 25-і күні Ақтөбе қаласының әкімдігінде жаңа аялдамалардың сызбалары таныстырылды. Ақтөбе қаласының әкімдігі қаланың дамуына қатысты жұмыстарды жетілдіруге ниетті. Бұдан былай қаланы абаттандыруға, қала құрылысына байланысты жобаларды жүзеге асыру кезінде тұрғындардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Бүгін қоғамдық талқылауға аялдамалық павильондардың бес нұсқасы ұсынылды.

«Бюджет қаражатын ұтымды пайдалану, сондай-ақ жаңа павильондарды тиімді қолдану мақсатында жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Жаңа аялдамаларды тұрғындарға ыңғайлы, ал оған қаражат салатын кәсіпкерге табыс түсіретін орынға айналдыру арқылы инвестициялық тұрғыда тартымды етуге болады. Қоғамдық көліктер аялдамалары ақтөбеліктер үшін қолайлы болуымен қатар, қаланың сәулетін жақсартуға да үлес қосатындай жоғары талапқа сай салынуы керек. Тұрғындардың, қоғам белсенділерінің, БАҚ өкілдерінің әр қилы пікірлерін ескеріп, жаңа аялдамаларды қыста желдің өтінде автобус күтіп тұратын ақтөбеліктер тоңбайтындай, қауіпсіздігі қамтамасыз етілетіндей етіп қою жоспарланып отыр. Дәлірек айтқанда, сымсыз интернет, кондиционер, электрнодық табло, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орын қарастырылуы тиіс деген талап қоямыз, — деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Қала тұрғындарымен кері байланыс орнату үшін қала әкімдігі сайтының ресми парақшасында www.akt.gov.kz кез келген ақтөбеліктің онлайн дауыс беруіне мүмкіндік жасалып отыр. Сонымен қатар, Инстаграм әлеуметтік желісінде @aqtobe_aialdama парақшасы ашылды. Ол жерде әр аялдаманың суретінің тұсында эскиздік жобасы толық жазылған. Кез келген тұрғын танысып, ұсыныс-пікірлерін жаза алады.

— Біз үнемі әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп отырмыз және қала құрылысы мен абаттандыруға қатысты кез келген жұмыстың ақтөбеліктер үшін қолайлы болуы керек деген позицияны ұстанамыз. Бұдан әрі де тұрғындардың, қоғам белсенділерінің. БАҚ өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін ескеретін боламыз», — деді қала әкімі Мавр Абдуллин. Айта кету керек, бүгінгі күні қала бойынша 728 аялдама бар. Қосымша тағы да 350 аялдама қажет етіледі. Жалпы, қоғамдық көлік мәселесіне қатысты жүргізілген бақылаудың нәтижесінде, автобустарды аялдамада 30 минутқа дейін күтіп қалатын жағдайлардың бары анықталды. Мәселен,  №6, №7, №8А, №17, №18, №21, №25, №27, №37, №42, №47 бағыттар бойынша автобустар аялдамаларында адамдардың көбірек күтіп қалатыны мәлім болды. Осыған байланысты, қала әкімдігі автобустардың аралық уақытын (интервал) қысқартуға ықпал етіп, жаңа аялдамаларды орнатқан кезде бұл мәселені бақылауға алатын болады.