Автобустардағы тәртіпті партия мүшелері тексеруде

Автобустардағы тәртіпті партия мүшелері тексеруде
29.10.2019 Көлік

Қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсетуін партия мүшелері бақылауға алды. «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов алғашқы тексерістің қорытындысын қала әкімі Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында мәлімдеді.

Партия мүшелерінен құралған 4 топ автобустардың аялдамаға келу уақытының аралығы (интервалы), автобустарда төлем жүйесін оңтайландыру мақсатында енгізілген валидаторлардың қолданылуы, автобус жүргізушілерінің жол ережесін сақтауы, кондукторлардың мәдениеті, т.б. қоғамдық көліктерге қатысты мәселелер бойынша тексеру жүргізген. Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, тексеруші топ мінген Ақтөбе жолаушылар тасымалдау кәсіпорнына қарасты автобустардың алтауының үшеуінде ғана жолаушылар валидаторлардың көмегімен жолақысын төлейді. Ал қалғандарында валидатор құрылғы тиімді пайдаланылмайды. «Партия мүшелері №40, №7, №51, №24, №1, №15, №26, №12 бағыттар бойынша жүретін автобустарға отырып, қоғамдық көлік ішіндегі жалпы тәртіпті бақылады. Бұл жұмысты жалғастырып, барлық автобустарға отырып, жағдайды көзбен көреміз. Кемшіліктері бойынша шара қолдануды ұсынамыз. Күніне 20-ға жуық автобус істен шығып, жөнделіп, бағыттың үздіксіз жүруіне кедергі келтіріп жатады», — деді Н.Жүсіпов.

Кейбір аялдамалардан белгі орнатылмағандықтан, автобустардың тоқтамай өтіп кететін жағдайлары кездеседі. Жыл басынан бері ортақ ереже, талаптарды бұзғаны, өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін Ақтөбе жолаушылар тасымалдау кәсіпорны 2 көлік жүргізушісін жұмыстан босатып, 14 қызметкерін жауапкершілікке тартқан.

Қала әкімі  қоғамдық көліктердің хақыққа қызмет көрсету тәртібін үнемі бақылауда ұстау қажеттігіне тоқталды. «Тәртіп бұзылды ма, шара қолданылуы керек. Жағдайды тұрақты бақылауға ақтөбеліктердің өздері көмектесіп отырғанын айта кету маңызды. Күн сайын әлеуметтік желілерді қарап отырмын, тұрғындар автобустардың бағыттары бойынша барлық кемшіліктерді шағымданып жазады. Осыны біз халықтық бақылау, ақтөбеліктердің көмегі деп қабылдап, кемшіліктерді бірден түзеуге атсалысуымыз керек», — деді Мавр Абдуллин.

Аппарат жиынын қорытындылаған қала әкімі Мавр Абдуллин қоғамдық көлік мәселесіне қатысты жауапты бөлімдер басшыларына нақты тапсырмалар берді.