«ХАЛЫҚТЫҚ БАҚЫЛАУ» АҚТӨБЕДЕГІ ЖОЛДАР САПАСЫН БАҚЫЛАЙДЫ

«ХАЛЫҚТЫҚ БАҚЫЛАУ» АҚТӨБЕДЕГІ ЖОЛДАР САПАСЫН БАҚЫЛАЙДЫ
06.11.2019 Көлік

Алғаш рет қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров және қоғам белсенділері бірлесіп, проблемалық жолдарды қарады.  Жол-жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қоғам белсенділерінен құралған «Халықтық бақылау» тобы жасақталды. Белсенділер мердігер ұйымдардың жұмысын арнайы мамандармен бірге қатар бақылайтын болады.

Бүгін, 6 қараша күні алғаш рет қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіровтың жетекшілігімен қаланы аралап, жолдар мәселесін ашық талқылады.   Тұрғындардың өтінішімен жұмыс тобы алдымен Заречный елдімекеніне барды. Содан кейін Қызылжар-2 елдімекеніне ат басын бұрды. Сондай-ақ, қоғам белсенділері Кеңес Нокин атындағы ауылға да жетті. Әуеқалашық пен Мәскеу аудандары да назардан тыс қалмады.   «Мәселені жоққа шығармаймыз. Бірақ бірлесіп шешу керек. Сол үшін жергілікті атқарушы орган «Халықтық бақылау» құруды ұсынып отыр. Өкінішке қарай, бір адам атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын бақылауға үлгермейді. Сондықтан тұрғындарды, қоғам белсенділерін мониторинг жүргізуге шақырамыз. Сонымен қатар техникалық бақылау жүргізуге келісімшарт жасалады», - деді Жангелді Әубәкіров.  

Айта кетейік, Ақтөбе қаласының аумағында автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 651 шақырым. Оның ішінде 300 шақырым жолда асфальт-бетон жамылғысы бар. 2019 жылы 18 жобаға 4,2 млрд. теңге бөлініп, 33 шақырым жол жөнделді. Бүгінде көлік жолдарын жөндеу бойынша 40 жоба бар. Соны толығымен жүзеге асырған жағдайда жолдардың 80%-ы асфальтталады.