ЖОЛДЫ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МЕРДІГЕРЛЕРГЕ ЖҮКТЕЛЕДІ
11.02.2020 Жалпы

Қар еріп, асфальт қармен бірге еріп жатыр. Бұл ақтөбеліктердің соңғы жылдары әлеуметтік желілерде жиі көтеретін мәселесіне айналды. Биыл осы жағдай тағы қайталанды. Қар кетісімен көше жолдарында көрінген ой-шұқырды өткен жылы асфальт төсеген мердігер компаниялар өз қаржысына тегістеп қалпына келтіріп берулері тиіс. Бүгін шаһар басшысы Мавр Абдуллин аппарат жиынында қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіровке осындай тапсырма берді.

«Өткен жылы жол жөндеу жұмыстарына қатысқан мердігер компаниялардың қайсысы қандай аумаққа жауапты екенін анықтап, бұзылған жолдарды қайта қалпына келтіруді олардың міндеттеріне жүктеу керек. Мердігерлер асфальтті қайта қалпына келтіріп беруге тиісті. Осындай талап қойылсын. Біздің талабымызды орындамаған мердігер ұйымды енді нарыққа енгізбеу керек. Бұдан былай бюджеттен жыл сайын олардың сапасыз жұмыстары үшін қаражат бөлуге тыйым салатын боламыз», — деді қала әкімі М.Абдуллин.

Аппарат жиынында көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шаралары да пысықталды.  Ақтөбе қаласының әскери-жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашевтің айтуынша, су тасқынына қарсы 100-ден астам ассенизатор машина, 10 автоцистерна және 2 қозғалмалы насостық станция мен помпалар,  20-дан астам ауыр техниканы (оның ішінде бульдозерлер, крандар, экскаваторлар, жүк тиегіштер т.б.) жұмылдыру жоспарланып отыр.